Фархад Қуанғанов: «Елбасы медалі болашақ көшбасшыларды даярлауға көмектеседі»
Жаңа білімге құштар болу, мақсатқа жетуде қайсарлық таныту, құрдастарыңмен бірге табысқа жету, болашаққа жоспар құру – бүгінгі өскелең ұрпақтың қалауы. «Елбасы медалі» жобасы жас қазақстандықтардың қажеттілігіне жауап беріп, олардың ертеңі айқын, мақсаты берік, жан-жақты дамыған тұлға болып қалыптасуына үлес қосады. Жобаның артықшылықтары мен мақсат-міндеттері туралы «Елбасы Академиясы» Корпоративтік қорының директоры Фархад Қуанғанов www.fpp.kz сайтына айтып берді.
Фархад Шаймұратұлы, «Елбасы Медалі» жобасын жүзеге асыруға не түрткі болды?
«Елбасы медалі» - бұл Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Ел Үміті» бастамасын жүзеге асыру нәтижесінде пайда болған бірегей жоба. Бұл жоба Тұңғыш Президент қорының қамқорлығымен жүзеге асырылуда.
«Елбасы медалі» білім беру саласында және патриот, жігерлі, болашағына сенімді тұлға тәрбиелеу ісінде ерекше орын алады. Өкінішке орай, соңғы жылдары білім беру саласы, әсіресе орта білім беру көп жағдайда тек оқуға баса назар аударып келді. Тәрбие мен білім – құстың қос қанатындай, екеуі шәкіртті биікке көтереді. Бірақ елімізде іргетасы тәрбие беру болатын бағдарламалар тым аз. Осы тұрғыдан алғанда «Елбасы Медалі» - жеті бағытты қамтыған әмбебап жоба. Ол бағыттар: дарынды дамыту, денешынықтыру мен спорт, кітап оқу, еріктілік, еңбек тәжірибесі, ұлттық мұра, экспедициялар мен жорықтар. Бағдарламаның әлемде балама түрлері бар, және ол ең үздік шетелдік тәжірибеге сүйенеді. Мысалы, Ұлыбританияда өткен ғасырдың 50-ші жылдарынан бастап «Эдинбург герцогының жүлдесі» деп аталатын ұқсас бағдарлама жұмыс істейді. Бұл бағдарлама бойскауттық қозғалыстың үздік дәстүрлерін жалғастыра отырып, бес бағытты қамтиды. Әрине, оның өз ерекшеліктері бар, бірақ қазір бұл бағдарлама өзінің өміршеңдігін, жастар арасында сұранысқа ие екенін көрсетті. Бұған қоса оның 152 елде, оның ішінде Қазақстандағы «Haileybury» мектебінде бағдарламаның авторизацияланған орталықтары ашылған. Оның жұмысына бірнеше адам жұмылдырылған. «Елбасы медалі» қатысушыларға үш деңгей ұсынады: «Қола» деңгей алты бағыт бойынша жарты жылға созылады, «Күміс» деңгей бір жылға, ал «Алтын» деңгейді өту үшін 18 ай қарастырылған. «Елбасы медалі» 2020 жылдың 1 маусымында басталады.
Жобаның атауы туралы айта кетсеңіз.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті ел болашағы, жас буын өкілдеріне жан-жақты қолдау көрсетіп, қоғам өміріндегі белсенділігін арттыруды тапсырып келеді. Нұрсұлтан Әбішұлы атап өткендей, Қазақстанның қарқынды дамуының басты факторы – жастар. Елбасы жастар жылы аясында талантты және қабілетті жас қазақстандықтарды қолдауға бағытталған «Ел Yмiтi» бастамасын ұсынды. Белсенді, табысты жастарды қолдау – жетекші елдердің тәжірибесінде бар үрдіс.
Жастардың ҮЕҰ-мен жаңа жобалар бойынша пікір алмасу барысында олар қолдау білдіріп қана қоймай, бәсекеге қабілетті жас қазақстандықтарды марапаттайтын ерекше белгіні Елбасы атымен атауды ұсынды.
Бүгінгі заманауи Қазақстан – Елбасының мұрасы, Қазақстанның Тұңғыш Президентінің ойлары, еңбегі мен күш-жігерінің нәтижесі. Берекелі, ынтымағы мол және бейбіт аспан астындағы Қазақстан – бұл да Тұңғыш Президенттің ерен еңбегінің жемісі. Сондықтан біз ол үшін алғыс білдіруіміз керек.
Жоба деңгейлерін өту үшін неге дәл осындай уақыт кесінділері таңдап алынды?
Біз әлеуетті қатысушылардың жас ерекшелігін ескере отырып, әлемдік тәжірибеге сүйендік. Бағдарламаға 14 және одан жоғары жастағы жасөспірімдер қатыса алады. Алты ай немесе бір жылға созылатын мерзім «Елбасы Медаліне» қатысуды, мысалы, мектептегі оқумен ұштастыру үшін жеткілікті және ыңғайлы уақыт бөлігі. Бағдарлама қатысушылар көзделген бағыттарға байланысты аптасына 1 сағаттан 3 сағатқа дейін тапсырмаларды орындайды деп болжайды. Бағдарлама талаптарын орындап, толық нәтижеге жеткен қатысушылар Елбасы медалімен марапатталып, жоғары оқу орнына түсу кезінде басым құқыққа ие болады. Яғни, ҚР заңнамасында белгіленген тәртіппен баллдар тең болған жағдайда, немесе басқа талаптар қажет болған жағдайда жеңімпаздар білім беру грантын алуға басымдыққа ие болады. Бұндай шартты қолдану әлемдік тәжірибеде кеңінен таралған, сондықтан ол ҚР заңнамасымен бекітілген. Біз әлемдегі жетекші жоғары оқу орындарының мен жоғарыда айтқан Ұлыбританияның «Эдинбург герцогы сыйлығы» бағдарламасының жүлдегерлері мен лауреаттарына аса қызығушылық таныту үрдісін байқаймыз. Себебі өзін-өзі дамыту, өзін-өзі дайындай білу университеттер мен колледждерде, болашақтағы кәсіби карьерасына қажет дағдыларды қалыптастырады. Сондықтан осы бағдарламаның финалистерін шетелдік оқу орындары өз студенттерінің қатарына қуана қабылдайды. Біздің жағдайда «Елбасы Медалі» бағдарламасы бәсекеге қабілетті, жетілген және дене бітімі мен рухани тұлғаны дайындауға көмектеседі.
«Елбасы Медалінің» бірегей ерекшелігі - жасөспірімдер мен жастарға берілген мүмкіндіктің теңдігі. Сіздің тұрғылықты жеріңіз қайда – ауылда немесе қалада, ҰБТ бойынша қанша балл жинадың және т.б. шарттар маңызды емес. «Елбасы Медалі» жобасына қатысушылар тек жаңа білімге қанығып қана қоймай, өзінің жеке тұлға ретінде қалыптасуына қажет дағдыларға қол жеткізе алады, қатарының алды болады.
Дәл солай. «Елбасы медалі» еліміздің барлық аумағында авторландырылған орталықтар түрінде инфрақұрылымдық өрістетуді бағамдайды. Негізінен, олар мектеп базасында ашылатын болады. Біз бұл бағдарламаны дарынды балаларға арналған «Білім-Инновация» лицейімен бірлесіп іске асырудамыз. Бұл оқу орны тек білім беруде ғана емес, тәрбие беру жұмысында да қомақты тәжірибе жинақтаған білім ордасы. «Елбасы Медалінің» идеологиясы мен лицейдің жұмыс тәжірибесі бағдарламаның сәтті басталуын қамтамасыз етеді.
Ал «Елбасы Медалінің» ересек қатысушылары - 29 жасқа дейінгі жастарға қандай артықшылықтар қарастырылған? Әдетте, бұл жоғары білімі бар және өз мансабын түрлі салаларда бастап жүрген қазақстандықтар.
Біз білім мен қалыптасуды тек балалар мен жасөспірімдік кезеңде ғана алып қана қоймай, адам өмір бойы өзін-өзі жетілдірумен айналысатын заманда өмір сүреміз. Және өз болашағы мен адами капиталдың дамуына аса назар аударатын мемлекеттерде барлық қажетті жағдайлар жасалады. Осыған сәйкес, «Елбасы Медалі» бағдарламасы тек жасөспірімдерді ғана емес, жастарды да өзін-өзі дамытуға ынталандырады. Бағдарламаның қағидалары ересек қатысушылар үшін де өзекті, олар волонтерлікпен айналысуға, рух пен денені шыңдауға, жаңа қабілеттерді іздеуге шабыттанады. Қазіргі заманауи өмір өте қарқынды дамуда, көзді ашып жұмғанша көп өзгерістер өмірге келуде. «Елбасы Медалі» сияқты жобалар адамға өзінің қоғамдағы орны мен рөлін түсінуге, өзінің ішкі әлеуеті мен мақсатын ашуға көмектеседі. Бағдарламаның тағы бір мақсаты – салауатты өмір салтын қалыптастыру. Қатысушылар өздеріне қажет дағдыларды алып, олардың жаңа қадам жасауға сенімі арта түседі деп сенеміз.
Қызықты сұхбат үшін рахмет!